Сәттіғұл жыраудың тойында топ жарған Жетібайлық жыршыға Ақтаудан пәтер берілді

    akimat-karakiya·
    Сәттіғұл жыраудың тойында топ жарған Жетібайлық жыршыға Ақтаудан пәтер берілді

    Дәстүрлі жыр өнерінің ірі өкілі, атақты сөз зергері Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Мұхиттан қалмыш теңіз-жыр» атты Республикалық жыршылар додасында Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылының тумасы, белгілі жыршы Бердібай Лабақбайұлы Тойғулиев басқалардан оқ бойы озық шығып, байқаудың ең жоғары марапаты-Бас жүлдені қанжығасына байлады. Дүбірлі додада көрсеткен өнері үшін Ақтау қаласынан 1 бөлмелі пәтердің кілті салтанатты түрде табыс етілді.

    Қазіргі таңда «Жетібай мәдениет үйінің» үйірме жетекшісі қызметін атқарып жүрген білікті маман, дарынды орындаушы бұл жеңісімен өзінің республикалық деңгейдегі лауреаттық мәртебесін және айтулы жыршылық мектептің белді өкілі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп шықты. Аталған жетістік тек өнерпаздың ғана емес, тұтас бір өңірдің рухани жетістігі мен мақтанышы болып табылады.

    Айта кетейік, Бердібай Лабақбайұлы бұған дейін де талай жыр додаларында топ жарып, жыр сүйер қауымға есімі кеңінен танымал майталман өнерпаз. Ол Маңғыстаудың маңғаз даласын жыр керуенімен тербеткен кешегі Қашаған, Нұрым, Қалнияз, Ақтан, Сүгір сынды абыз-жыраулардың көнеден жеткен аманатын бұзбай, бүгінгі жас ұрпақтың санасына терең сіңіріп жүрген санаулы тұлғалардың бірі. Талай ғасырлардың талғам сүзгісінен өтіп, қазақтың болмысын айшықтап бүгінге жеткен асыл мұрамызды дәріптеуде қосып келе жатқан үлесі орасан зор.

    Оның шығармашылық жолындағы жарқын белестеріне көз жүгіртсек, 2012 жылы Нұрым Шыршығұлұлының 180 жылдығына арналған облыстық дәстүрлі саз конкурсында І дәрежелі дипломды иеленгенін, ал 2014 жылы Сүгір Бегендікұлының 120 жылдық мерейтойына орай өткен аймақтық жыршылар байқауында Бас жүлдені жеңіп алғанын көреміз. Сондай-ақ, өнерпаздың таланты батыс өңірінде де мойындалып, 2016 жылы Орал қаласында Марабай Құлжабайұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған Республикалық жыршылар байқауында да Бас жүлдені қанжығасына байлады. Мұндай ірі жетістіктер мен толағай табыстар Бердібай Тойғулиевтің шығармашылық қоржынында өте көп және бұл соқпақты жол алдағы уақытта да жаңа белестермен толыға берері анық.

    Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.