
Екібастұз – еліміздің индустриялық қуаты мен еңбек даңқының символына айналған, бай тарихы мен берік дәстүрі бар қала. Бұл – қайсар мінезді, еңбекқор жандардың мекені, ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан өңір.
«Богатырь» мен «Восточный» көмір кеніштерінің өндірістік жетістіктерінен бастап, бүкіл елді жарық пен жылумен қамтамасыз етіп отырған алып МАЭС-тердің тынымсыз жұмысына дейінгі әрбір табыстың негізінде екібастұздықтардың адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі жатыр. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен жасампаз рухтың арқасында қала жыл сайын жаңарып, көркейіп келеді. Бүгінде Екібастұзда заманауи әлеуметтік нысандар салынып, тұрғын үй қоры жаңарып, инфрақұрылым қарқынды дамуда.
Қала күні – ұрпақтар сабақтастығының, береке мен бірліктің мерекесі. Осы айтулы күні Екібастұздың іргетасын қалап, оның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге, алғашқы құрылысшылар мен еңбек майталмандарына ерекше алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар, ғылымда, мәдениетте, өнерде және спортта жоғары жетістіктерге жетіп, туған қаланың абыройын асқақтатып жүрген дарынды жастарымызды мақтан тұтамыз.
Құрметті екібастұздықтар!
Қала күні мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа зор денсаулық, бақ-береке, ынтымақ пен тұрақтылық тілейміз. Ортақ үйіміз – Екібастұздың мерейі үстем болып, дамуы мен өркендеуі жалғаса берсін. Әрбір жаңа күні жарқын жетістіктерге, игі бастамаларға толы болғай!
Мерекелеріңізбен! Туған күніңмен, сүйікті Екібастұз!
Нияз Макраев, Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы



