
САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН КІТАПХАНА БОЙ КӨТЕРУДЕ
Сарыағаш ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – Тегісшілдік ауылдық округіне қарасты Мәдениет елді мекенінде салынып жатқан 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимараты. Бұл нысан ауыл тұрғындарының мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыруға және жас ұрпақтың кітап оқуға, шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев «Мәдени нысандарды дамыту» бағдарламасы аясында аталған құрылыс нысанына барып, жұмыстардың барысымен танысты. Мердігер мекеме «Люкс сервис» ЖШС өкілдеріне құрылыс сапасын қатаң сақтау, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау және нысанды толық дайын күйде тапсыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Қазіргі таңда нысанда сыртқы әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, ғимаратты қажетті жиһаздармен және жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылуда. Құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі



