Ойыл ауданының Кемер және Ақкемер ауылдарына көгілдір отын жетті

    aktobe-uil·
    Ойыл ауданының Кемер және Ақкемер ауылдарына көгілдір отын жетті

    Ақтөбе облысында елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасуда. Бүгін Ойыл ауданындағы екі ауыл табиғи газға қосылды.

    ⚜️ Газ құбырларын іске қосу рәсіміне облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты. Ол ауылдық жерлердегі инженерлік инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

    «Осы айтулы күні біз Ақкемер мен Кемер ауылдарының тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты оқиғаның куәсі болып отырмыз. Екі ауылдағы үйлерге көгілдір отын беріліп, бұл елді мекендердің дамуына және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға жаңа мүмкіндік ашты. Осыған дейін көптеген отбасы қысқа дайындықты ерте бастап, көмір мен отын дайындап, пеш тазалап, күн сайын күл шығаруға мәжбүр болатын. Енді бұл қиындықтар біртіндеп өткеннің еншісінде қалмақ. Көгілдір отын ауданның екі ауылына бірдей келіп, олардың дамуында жаңа кезеңнің басталуына жол ашты», – деді өңір басшысы.

    🔹 Асхат Шахаров Ақкемер тұрғындары үшін бұл күннің айырықша маңызға ие екенін айтты. Екі жыл бұрын ауыл су тасқынының зардабын көріп, үйлер мен шаруашылықтарға зиян келген-ді. Алайда мемлекет қолдауының арқасында апат салдары қысқа мерзімде жойылды. Ауылда 16 жаңа үй салынып, инфрақұрылым қалпына келтірілді.

    🏗️ Ақкемер ауылын газбен қамту жобасы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жобаны іске асыруға 65,5 млн теңге бөлінді. Мердігер ұйым – «GazMart» ЖШС. Нәтижесінде 378 адам тұратын 71 үй мен үш әлеуметтік нысан табиғи газға қосылды.

    ✨ Кемер ауылындағы газ құбырының іске қосылуы да маңызды оқиға. Бұл жобаға 207,3 млн теңге бөлініп, жұмыстарды «АСК-7 НС» ЖШС атқарды. Көгілдір отын 770 адам тұратын 159 үй мен 20 әлеуметтік нысанға жеткізілді. Ауыл үшін ұзындығы шамамен 15 шақырым құрайтын газ құбыры салынды.

    🏠 Жаңа жүйеге алғашқылардың бірі болып ауылдың белгілі тұрғындарының үйлері қосылғаны да ерекше мәнге ие.

    Ауыл тұрғындары көптен күткен оқиғаға қатысты өз әсерлерімен бөлісті.

    ⚜️ Асхат Шахаровтың айтуынша, өңірді газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.