
Қоғамдық тамақтану саласы – бұл тек дәмді тағамдар мен жоғары деңгейдегі қызмет көрсету ғана емес. Әрбір дайындалған түскі немесе кешкі астың артында келушілердің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершілік тұр. Сондықтан санитариялық талаптарды сақтау қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуінің негізгі шарттарының бірі болып табылады.
Санитариялық заңнама талаптарының бұзылуының алдын алу және санитариялық сауаттылықты арттыру мақсатында Ақмола облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Көкшетау қаласының кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері, қоғамдық тамақтану объектілерінің басшылары мен қызметкерлері үшін көшпелі семинар өткізді. Іс-шараның тақырыбы қоғамдық тамақтану объектілерінде санитариялық қағидаларды сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.
Көшпелі семинар форматы кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәстүрлі дәрістерден ерекшелігі – қатысушылар санитариялық талаптардың іс жүзінде қалай қолданылатынымен тікелей жұмыс істеп тұрған қоғамдық тамақтану объектісінде танысу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай тәсіл өндірістік процестерді ұйымдастыруды, азық-түлік өнімдерін сақтау талаптарын, тауарлық көршілестік қағидаларын сақтауды, үй-жайлардың санитариялық жағдайын және персоналдың жеке гигиенасын қамтамасыз етуді көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік берді.
Семинар барысында Департамент басшысының орынбасары Сәуле Садвакасова санитариялық қағидалардың негізгі талаптарын және мемлекеттік бақылау мен қадағалау барысында жиі анықталатын бұзушылықтарды түсіндірді. Ерекше назар өндірістік бақылауды ұйымдастыруға, қызметкерлердің міндетті медициналық тексерулерден өтуіне, өнімдерді сақтау шарттарын сақтауға және дезинфекциялық іс-шараларды жүргізуге аударылды.
Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған өзекті сұрақтарға жауап алып, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының күнделікті қызметінде туындайтын түрлі жағдайларды талқылады.



