
Алмалы ауданы әкімдігінде көпбалалы аналарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып, балаларын мейірім мен қамқорлыққа бөлеп өсіріп отырған аналардың еңбегі ерекше атап өтілді.
Іс-шара барысында ауданның тоғыз тұрғынына жоғары мемлекеттік наградалар табысталды. Бұл марапаттар олардың отбасылық құндылықтарды нығайтудағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегінің жоғары бағаланғанының айқын көрінісі болды.
«Алтын алқа» наградасымен Ләззат Құлжанова мен Феруза Құрбанова марапатталды.
Ал «Күміс алқа» иегерлері атанғандар қатарында Меликем Арзиева, Ұлжан Бибитова, Ольга Исаева, Құралай Құрманова, Айгерім Мүшекенова, Альмира Смағұлова және Айгерім Шабданова бар.
Салтанатты рәсім барысында аналардың еңбегі қоғам мен мемлекеттің берік негізі екені атап өтілді. Өйткені отбасы – өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік, білім мен жауапкершілік қасиеттерін сіңіретін маңызды орта.
Іс-шара соңында көпбалалы аналарға шынайы алғыс айтылып, зор денсаулық, отбасыларына амандық пен береке, бақ-дәулет тілінді. Ал олардың балаларына елінің өркендеуіне үлес қосатын білімді, саналы әрі жауапты азамат болып өсуіне ізгі тілектер білдірілді.



