
Бүгін, 11 маусым күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті. Жиында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы мен «109» бірыңғай байланыс орталығының қызметі қаралды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың мәліметінше, 2025-2026 жылғы жылыту маусымы тұрақты өтіп, өңір тұрғындары мен әлеуметтік нысандар жылумен үздіксіз қамтамасыз етілген. Маусымға дайындық аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу, электр және газ желілерінде ауқымды жаңғырту жұмыстары атқарылған.
Ал 2026-2027 жылғы жылыту маусымына дайындыққа өткен жылмен салыстырғанда 54%-ға артық қаражат бөлініп отыр. Оның есебінен Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен бірқатар аудандарда жылу, электр және су желілерін жаңарту көзделген. Сонымен қатар инвестициялық жобалар аясында электр қосалқы станцияларын салу және жаңғырту жұмыстары да іске асырылады.
Облыс әкімі жауапты сала басшыларына жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды, барлық жобаларды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды.
– Біз қаншама құбырды жөндеп, инфрақұрылымды жаңартқанымызбен, егер жылу тұрғын үйлерге толық жетпейтін болса, мұның тиімділігі болмайды. Сондықтан қазірден бастап ақаулардың алдын алуды күшейтіп, барлық жұмысты жүйелі түрде ұйымдастырып, туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Жиында «109» бірыңғай байланыс орталығының атқарған қызметі туралы баяндалды. Орталық тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты қамтамасыз етіп, коммуналдық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер бойынша тәулік бойы өтінім қабылдайды.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылы 43 мыңнан астам өтінім тіркелсе, 2026 жылдың басынан бері 16,7 мың өтінім түскен. Өтінімдердің басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тиесілі.
Бұл ретте облыс әкімі жауапты мекемелерге өтінімдерді орындау сапасын арттыру және тұрғындармен кері байланысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі



