Мемлекеттік рәміздер күні: Алматы полициясында салтанатты рәсім өтті

    mvd-almaty·
    Мемлекеттік рәміздер күні: Алматы полициясында салтанатты рәсім өтті

    Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматы қаласы Полиция департаментінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Рәсім жедел қимылдайтын арнайы жасақ базасында өтті.

    Іс-шара Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен және мемлекеттік рәміздердің салтанатты түрде шығарылуымен басталды. Оған Департамент басшылығы, жеке құрам қызметкерлері мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

    Жеке құрам алдында сөз сөйлеген Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Кабдулдинов мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы және қоғамды біріктірудегі айрықша маңызына тоқталды.

    «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің ғана емес, халқымыздың тарихы мен мәдениетінің, егемендігіміздің көрінісі. Полиция қызметкерлері үшін олардың мәні ерекше. Біз күн сайын қызметке кірісе отырып, мемлекет пен халыққа адал қызмет етуге деген сертімізді іс жүзінде дәлелдейміз. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтары мен бостандықтарын қорғау – біздің басты міндетіміз. Осы жолда мемлекеттік рәміздер біз үшін мақтаныштың ғана емес, кәсіби әрі адамгершілік ұстанымның да символы болып қала береді», – деді Айдын Кабдулдинов.

    Департамент басшысы полиция қызметі қоғам мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік екенін, бұл жолда антқа адалдық пен заңдылық қағидаттарына берік болу маңызды екенін атап өтті.

    Салтанатты іс-шара аясында жас полиция қызметкерлерінің ант қабылдау рәсімі де өтті. Бұл олардың қызмет жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып, Отанға адал қызмет етуге деген жауапкершілігін айқындады.

    Жиын барысында қатысушылар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, елге қызмет етудің маңызын тағы бір мәрте айшықтады. Сондай-ақ қоғамның полицияға деген сенімін нығайту мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты міндеттерге ерекше назар аударылды.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.