
Алматы қаласы полициясы қызметкерлерінің жауынгерлік және қызметтік даярлығы аясында таулы жерде арнайы дене дайындығы элементтерін қамтыған көшпелі оқу-жаттығу ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында жеке құрам Ақбұлақ - Көк жайлау - Казачка - Дулати бағыты бойынша шыңға көтеріліп, төзімділік, командалық өзара іс-қимыл және күрделі жер бедерінде бағдарлау дағдыларын жетілдірді. Мұндай жаттығулар қызметкерлердің кәсіби дайындығын арттырумен қатар, бөлімшелердегі бірлік пен корпоративтік рухты нығайтуға бағытталған.
Жеке құрамның дене дайындығын шыңдау, төзімділігін арттыру және кез келген қызметтік жағдайда тиімді әрекет ету қабілетін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Бұл – полиция қызметінің сапалы әрі нәтижелі орындалуының маңызды құрамдас бөлігі.
Сондай-ақ көшпелі сабақ барысында штаттық психолог ұжымдағы өзара сенім мен түсіністікті нығайтуға, қызметкерлердің бірлігін арттыруға бағытталған тимбилдинг элементтерін өткізді.
Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Әділқожа Құсайыновтың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.
«Таудағы дайындық – жай ғана физикалық жаттығу емес. Бұл – мінездің мықтылығын, төзімділік пен ұжымның ұйымшылдығын сынайтын маңызды кезең. Полиция қызметкері кез келген жағдайда, соның ішінде күрделі жер бедерінде де қызмет атқаруға дайын болуы тиіс. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде дамытып, кәсіби әрі берік ұжым қалыптастыруды жалғастырамыз», – деді ол.
Осындай іс-шаралар қызметкерлердің қызметтік даярлық деңгейін арттыруға, тәртіпті нығайтуға және ұжымдық ынтымақтастықты күшейтуге оң ықпал етеді.



