
Арыс қаласы әкімдігінің кіші мәжіліс залында Арыс қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне арналған заңнама талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жиыны өткізілді. Жиынға әдеп жөніндегі уәкіл Т.Анашбеков қатысып, мемлекеттік қызмет саласындағы әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл талаптары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің әдеп талаптарын сақтауы және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қатаң ұстануы мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін арттырудың маңызды факторларының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметтік міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен атқарып, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық, объективтілік және кәсібилік қағидаттарын басшылыққа алуы қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу» бағыты бойынша төртінші блоктың мазмұны, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының негізгі талаптары және «2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының» басым бағыттары жан-жақты түсіндірілді.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметте болуға байланысты заңнамалық шектеулер, қызметтік міндеттерді орындау кезінде және қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау міндеттері туралы ақпарат берілді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңының талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға, бәс тігуге және интернет желісі арқылы ұйымдастырылатын ойындарға қатысуға тыйым салынатыны түсіндірілді. Аталған талаптарды бұзудың құқықтық салдары мен жауапкершілік шаралары жөнінде кеңінен ақпарат берілді.



