
Сеул, 2026 жылғы 11 маусым – Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Жер инфрақұрылымы және көлік комитетінің төрағасы Мэн Сон Гюмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қазақстандық дипломат Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және конституциялық реформалар, жаңа Конституцияның негізгі ережелері, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту және инфрақұрылымды жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда тараптар көлік, логистика және қалалық инфрақұрылымды дамыту салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Елшісі сондай-ақ кореялық парламентарийді жаңа Alatau City қаласы жобасының іске асырылу барысы туралы айтып, инновациялар, озық технологиялар, білім және бизнес салаларындағы заманауи орталық ретіндегі әлеуетін атап өтті. Қазақстан тарапы қала құрылысы, көлік инфрақұрылымы және «ақылды қалалар» тұжырымдамасы салаларындағы Кореяның озық тәжірибесін зерделеуге және қолдануға мүдделі екенін жеткізді.
Сонымен қатар, тараптар ағымдағы жылғы қыркүйек айына жоспарланған Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына алдағы сапары мен алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне дайындықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және өзара мүдделі бағыттардың кең ауқымы бойынша практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ортақ мүдделілік танытты.



