
Тбилиси, 8-10 маусым – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев бастаған Қазақстан делегациясы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту және грузин әріптестерімен практикалық тәжірибе алмасу мақсатында Грузияға жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында қазақстандық делегация Грузияның Әділет үйінің қызметімен, халыққа және бизнеске мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесімен танысты. Тараптар мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, цифрлық шешімдерді енгізу, инновациялық технологияларды қолдану және азаматтармен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру бағытында тәжірибе алмасты.
Бұл ынтымақтастыққа Қазақстандағы цифрлық мемлекеттің жоғары даму деңгейі ерекше мән береді. Соңғы жылдары Қазақстан электрондық үкіметті, онлайн-сервистерді және GovTech-шешімдерді белсенді дамытып келе жатқан елдер қатарындағы орнын нығайтты. Қазақстанның осы салада жинақтаған тәжірибесі шетелдік әріптестермен, соның ішінде Грузиямен практикалық алмасу үшін берік негіз қалыптастырады.
Сапар қорытындысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» мен Грузияның Әділет үйі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға, табысты тәжірибелермен алмасуға, инновациялық тәсілдерді енгізуге, жасанды интеллектіні қолдануға және халыққа көрсетілетін сервистердің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Грузия Әділет үйінің төрағасы Вахтанг Жвания қол қойылған меморандум екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын айқындауға және табысты тәжірибелермен алмасуды кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өз кезегінде Арман Кенжегалиев Қазақстанның цифрлық мемлекеттік қызметтер саласында халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін және шетелдік тәжірибені зерделеумен қатар, өз әзірлемелерімен де бөлісуге дайын екенін атап өтті.
Қол қойылған меморандум Қазақстан мен Грузия арасындағы практикалық өзара іс-қимылдың жаңа бағытына айналып, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты толықтырды. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін, ыңғайлылығын және тиімділігін арттыруға, сондай-ақ екі елдің бейінді институттары арасындағы ұзақмерзімді әріптестікті нығайтуға ықпал ететін болады.



