
Мәскеуде «Astana Tourism» орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан астанасының туристік әлеуетін таныстыруға арналған роуд-шоуы өтті. Аталған шара бұған дейін Омбы, Новосібір және Екатеринбург қалаларында ұйымдастырылған. Мәскеудегі роуд-шоу қорытынды кезең болып, Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.
Іс-шара барысында еліміздің Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев құттықтау сөз сөйлеп, Астана үшін Мәскеумен өзара іс-қимыл халықаралық ынтымақтастықтың маңызды бағыты екендігін атап өтті.
«Бүгінде Астана – Қазақстанның астанасы ғана емес, заманауи сәулетті, іскерлік белсенділікті, бай мәдениетті және ауқымды халықаралық іс-шараларды тоғыстырған Еуразиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Менің ойымша, Астананың халықаралық ынтымақтастығында Мәскеумен әріптестік ерекше орын алады. Біз екіжақты туристік ағындарды одан әрі дамыту үшін зор әлеуетті көріп отырмыз. Мәскеу тұрғындары заманауи Астананы бірегей сәулет, әлемдік деңгейдегі ауқымды іс-шаралар, гастрономиялық әсерлер мен заманауи қоғамдық кеңістіктер қаласын барған сайын көбірек танып жатыр», – деді Дәурен Абаев.
Сондай-ақ ол екі астана арасындағы серіктестік алдағы уақытта да нығайып, туристік алмасудың артуына, іскерлік байланыстардың дамуына және мәдени диалогтың кеңеюіне ықпал ететініне сенім білдірді.
Бүгінде Астана туристік бағыт ретінде барған сайын жан-жақты сипатқа ие болып келеді.
«Бұрын Астана тек іскерлік орталық ретінде қабылданса, бүгінде бұл түсінік өзектілігін жоғалтып келеді. Қазіргі таңда Астана – мәдени, оқиғалық, ойын-сауық, отбасылық, ғылыми-білім беру және сауықтыру туризмі дамыған көпқырлы қала. Сонымен қатар елорда медициналық, өнеркәсіптік, wellness, гастрономиялық туризм және шопинг бағыттары бойынша да тартымды», – деді туристік өнімдер мен сервис департаментінің директоры Ольга Абельдинова.
Іс-шара аясында Қазақстан мен Ресейдің туристік индустрия өкілдері арасында 50-ден астам B2B кездесу өткізілді. Сондай-ақ Luxury Services Kazakhstan және «Зэт Бразерс Ивент» компаниялары арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.



