Глубокое ауданында тау шаңғысы курорты мен «Таулы Үлбі» экопаркі ашылады

    Глубокое ауданында тау шаңғысы курорты мен «Таулы Үлбі» экопаркі ашылады

    Шығыс Қазақстан облысында туризм саласындағы жаңа жоба – Таулы Үлбі аумағында заманауи тау шаңғысы курортын салу қолға алынуда.

    Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тұмашинов мәлімдеді.

    – 2026 жылы Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулына енгізілген негізгілердің бірі – Таулы Үлбі ауылындағы «The Forest» мейрамханасы базасында тау шаңғысы курортын салу. Жоба аясында екі шаңғы трассасы, 41 нөмірлі қонақүй, SPA-орталық, қызмет көрсету және демалыс нысандары бой көтереді. Сонымен қатар 20-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады, – деді Эльдар Тұмашинов.

    Оның айтуынша, аталған жоба аудан экономикасы мен туризм саласының дамуына елеулі серпін береді. Жобаның жалпы құны – 30 миллиард теңге.

    Жалпы туризм Глубокое ауданындағы негізгі экономикалық салалардың біріне айналмақ. Бұл бағыт инвестиция тарту мен өңірді дамытудағы басым бағыттардың қатарында болады.

    Аудан әкімінің айтуынша, туризм саласында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы – «Таулы Үлбі» эко-саябағын құру.

    – Жоба тұжырымдамасына сәйкес аумағы 40 гектар болатын рекреациялық-туристік аймақта саябақ салынады. Онда балалар және спорт алаңдары, көрініс алаңдары мен демалыс орындары орналастырылған терренкур жолы салынады. Саябақ бір мезетте екі мыңнан астам келушіні қабылдай алады. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026 жылдың үшінші тоқсаны, – деді Эльдар Тұмашинов.

    Сонымен қатар оның айтуынша, туризм саласында «Заречье Эко Лэнд» ЖШС Быструха ауылындағы экобазаны кеңейту жобасын жүзеге асыруда. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 1 миллиард теңгеден асады.

    – Бүгінде ауданда 21 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың барлығы жыл бойы келушілерді қабылдайды. Жыл сайын шамамен 102 мың турист келеді. Глубокое ауданына келетін туристердің үлесі Шығыс Қазақстан облысында қызмет көрсетілген туристердің жалпы санының 22 пайызынан астамын құрайды, – деп атап өтті Эльдар Тұмашинов.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.