
Ақмола облысында полицияның, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінің бірлескен жұмысының арқасында авариялық-қауіпті учаскелердің саны дәйекті түрде азайып келеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін полицейлер жыл басынан бері автокөлік жолдары мен теміржол өткелдеріне 1292 тексеру жүргізді, оның қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою бойынша 115 ұсынымдар мен ұсыныстар жолдады.
Жол апаттары қаупі жоғары учаскелерге ерекше назар аударылады. Өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі арнайы жоспар шеңберінде 97 авариялық-қауіпті учаске анықталды. Бүгінгі таңда олардың 14-і жөнге келтірілді, ал 27 учаскеде қабылданған шаралардың арқасында жол апаттарының туындауын болдырмауға мүмкіндік туды.
Бұл жұмыста жол инфрақұрылымын жаңғырту маңызды рөл атқарады. Өткен жылдың өзінде облыс жолдарында 4,7 мыңнан астам жол белгілері, 9,6 мыңға жуық сигналдық бағаналар, 179 ақпараттық панно, 201 жол буфері және 19 бағдаршам орнатылды. Бұдан басқа, республикалық трассаларда жүргізушілерді ақпараттандырудың заманауи жүйелері енгізілуде, ал ағымдағы жылы жолдардың неғұрлым күрделі учаскелерінде жаңа бағдаршам объектілерін, стробоскопиялық құрылғыларды және шу жолақтарын орнату жоспарланды.



