
Түркістан қаласындағы халықаралық есу каналында байдарка мен каноэде есуден жастар және жасөспірімдер арасындағы VI Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Айтулы жарыста ел намысын қорғаған елордалық спортшылар Астанаға оралды. Оларды елордадағы теміржол вокзалында ата-аналары, достары және спорт саласының өкілдері салтанатты түрде қарсы алды.
Айта кетейік, Қазақстан бұл беделді құрлықтық чемпионатты алғаш рет қабылдады. Дүбірлі додаға Азияның 15 елінен 350-ден астам спортшы қатысты.
Байрақты бәсекеде Астана қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына 5 алтын және 3 күміс медаль салды.
Эвелина Костенко жарыстың басты қаһармандарының біріне айналып, үш алтын және бір күміс медаль жеңіп алды. Ол К-1 байдаркасымен 200 және 500 метр қашықтықтарда Азия чемпионы атанса, Анастасия Прибытковамен бірге К-4 экипажы құрамында 500 метр қашықтықта алтын медаль иеленді. Сонымен қатар К-2 байдаркасымен 200 метрлік жарыста күміс жүлдеге қол жеткізді.
Анастасия Прибыткова чемпионатты бір алтын және бір күміс медальмен аяқтады. Ол К-4 құрамында чемпион атанып, К-2 бағдарламасында күміс жүлдегер болды.
Ерлер арасында Иман Нуртилек пен Канекен Мадияр К-4 байдаркасымен 500 метр қашықтықта Азия чемпиондары атанды.
Сондай-ақ Егор Краснонос К-2 байдаркасымен 500 метр қашықтықта алтын медаль жеңіп алып, К-4 экипажы құрамында 1000 метрлік жарыста күміс жүлдеге ие болды.
Ал Юрий Горбов С-4 каноэ экипажы құрамында 500 метр қашықтықта екінші орын алып, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.



