
Абай облысында тәртіп сақшылары заң талаптарын айналып өтпек болған жүргізушінің жолын кесті. Полиция қызметкерлері Сергек камераларының көмегімен Алматы трассасынан Семей қаласына кіріп келе жатқан, күдік тудырған HYUNDAI SANTA FE көлік құралын байқайды. Мұқият тексеру көліктің «қос өмір сүріп жүргенін» көрсетті.
9 маусым күні Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының іздестіру тобы қызметкерлері аталған көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі құжаттағы деректерге сәйкес келмейтінін анықтады. Көлік тізгінінде Алматы облысының 42 жастағы тұрғыны болған.
Заңнан қашып құтылудың түрлі жолын іздегендер кездескенімен, қазіргі технология мен полицияның бақылау жүйесі мұндай әрекеттерді жасырын қалдырмайды.
Тексеру қорытындысы бойынша, көлік арнайы тұраққа қойылды. Жүргізушіге қатысты заң талаптары ескертіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Абай облысының полицейлері заң бәріне ортақ екенін тағы бір мәрте еске салады. Нөмірді ауыстыру арқылы жауапкершіліктен жалтаруға болады деген ой – қате түсінік. Өйткені жолдағы әрбір көлік бақылауда, ал тәртіп бұзған әрбір әрекет назардан тыс қалмайды.



