
20 сәуірден бастап Қазақстан Республикасында азаматтық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды республикалық акция бастау алды. Аталған шараның негізгі мақсаты – заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды азаматтардан ерікті түрде қабылдау арқылы қоғамдық қауіпсіздікті арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау.
Акция аясында әрбір азамат заңсыз сақталған қаруды еш кедергісіз және құқықтық салдарсыз тапсыра алады. Бұл бастама – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын, жауапкершілік пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыратын маңызды қадам.
Акция шарттарына сәйкес, тапсырылған қарудың техникалық жағдайына байланысты ақшалай өтемақы қарастырылған:
атуға жарамды, жақсы күйдегі қару үшін – 100% көлемінде;
атуға жарамды, бірақ тозған қару үшін – 70% көлемінде;
атуға жарамсыз немесе жарамдылығы төмен қару үшін – 30% көлемінде төлем жүргізіледі.
Өтемақы белгіленген тәртіппен азаматтардың банк шоттарына аударылады.
Азаматтардың ерікті түрде қару тапсыруы олардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен толық босатылуына негіз болады. Бұл – заң талаптарын сақтай отырып, қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік беретін тиімді құқықтық тетік.
Акция басталғалы бері Абай облысында барлығы 37 бірлік қару қабылданды. Оның ішінде 7 бірлігі – ойық, 29 бірлігі – тегіс ұңғылы қарулар.
Осыған орай, азаматтарды аталған акцияға белсенді қатысуға шақырамыз. Заңсыз сақталған қарудан бас тартып, қоғам қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қосыңыздар. Қауіпсіздік – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.



