
Виртуалды алаяқтар өздерін емхана, медициналық мекеме немесе тіркеу қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, дәрігер қабылдауына жазу немесе кезекке қою үшін көмектесеміз деген желеумен хабарласады. Осы кезде азаматтардың сеніміне кіріп, «Aitu Passport» сияқты цифрлық қосымшаларға кіру үшін SMS арқылы келетін кодты айтуды сұрайды. Aitu Passport – Aitu экожүйесіндегі бірыңғай авторизация қызметі және бұлттық ЭЦҚ арқылы құжаттарға қол қою құралы. Мұндай кодты ешкімге айтуға болмайды, себебі ол жеке деректеріңіз бен электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Мұндай әрекет – алаяқтықтың айқын белгісі. Себебі SMS арқылы келетін кодтар азаматтың жеке аккаунттарына, электронды қызметтеріне немесе цифрлық сәйкестендіру жүйелеріне кіру үшін қолданылады. Яғни, бұл кодты үшінші тұлғаға айту – жеке деректердің қолды болуына, аккаунттардың бұзылуына және қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін.
Есіңізде болсын, ешбір ресми медициналық мекеме немесе мемлекеттік қызмет қызметкері азаматтан SMS арқылы келген құпия кодты сұрамайды. Егер сізден осындай ақпарат сұралса, әңгімені дереу тоқтатып, күмәнді қоңырау немесе хабарламаны елемеу қажет.
Сонымен қатар, азаматтарға келесі сақтық шараларын ұстану ұсыныла ды:
SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге, тіпті таныс адамға да айтпау;
Бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сақ болу;
Ресми медициналық қызметтерді тек ресми қосымшалар мен сайттар арқылы пайдалану;
Күмәнді жағдай туындаса, бірден полицияға немесе тиісті байланыс орталығына хабарлау.
Цифрлық қауіпсіздік – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі. Қарапайым ғана бір кодты үшінші адамға айту арқылы алаяқтар сіздің жеке деректеріңізге жол ашуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларда барынша сақ болу – өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың ең тиімді жолы.



