
Абай облысы аумағында 3–7 маусым аралығында балалардың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Жолдағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл бастама жол-көлік оқиғаларының алдын алу, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын құқық бұзушылықтарды азайту және жолда қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналардың, педагогтардың, көлік жүргізушілерінің және жалпы қоғамның ортақ міндеті. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты талаптардың бірі.
Іс-шараның алғашқы екі күнінің қорытындысы бойынша облыс аумағында 115 құқық бұзушылық фактісінің жолы кесілді. Оның ішінде мопедті 16 жасқа толмаған тұлғалардың басқаруына жол беру деректері бойынша 6 ата-ана немесе заңды өкілдер анықталды.
Сондай-ақ іс-шара барысында:
электровелосипедтерге қатысты – 4 дерек;
жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге талаптарды бұзу – 40 дерек;
жаяу жүргіншілер мен өзге де қатысушылардың жол қозғалысы ережелерін бұзуы – 42 деректің жолы кесілді.
Профилактикалық іс-шара аясында жалпы 14 көлік құралы айып тұрағына қойылды, оның ішінде:
самокаттар – 3;
электровелосипедтер – 8.
Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Бауыржан атап өткендей:
«Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Әрбір ата-ана мен әрбір жол қозғалысына қатысушы бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Тек бірлескен әрекет арқылы ғана біз қайғылы жағдайлардың алдын ала аламыз. Полиция тарапынан профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі және жол қозғалысы ережелерін бұзуға мүлдем төзбеушілік қағидаты қатаң сақталады».



