
Абай облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылып жатқан «Заң керуені» жобасы Көкпекті және Ақсуат аудандарында жалғасын тапты. Абай облысының ішкі саясат басқармасы жүзеге асырып отырған жоба тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға және азаматтарға қолжетімді құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.
Жоба аясында құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелер мен салалық қызметтердің өкілдері аудан тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды толғандырған өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ашық форматта өткен кездесулер барысында тұрғындар өз сұрақтарын тікелей қойып, тиісті мамандардан нақты жауаптар мен құқықтық кеңестер алды.
Көкпекті ауданындағы кездесулер Үлкенбөкен, Преображенка және Көкпекті ауылдарында өтті. Үлкенбөкен ауылында әлеуметтік сала қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындармен кездесіп, құқықтық көмек көрсетті. Преображенка ауылында өткен жиында азаматтар құқықтық мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, мамандардан жан-жақты түсіндірмелер алды. Ал Көкпекті ауылында ұйымдастырылған кездесуде құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындармен еркін пікір алмасып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды ақпараттармен бөлісті.
«Заң керуені» жобасы Ақсуат ауданында да жалғасын тауып, Көкжыра, Екпін және Ақсуат ауылдарының тұрғындарын қамтыды. Көкжыра ауылында өткен кездесуде азаматтар құқықтық мәселелер бойынша сауалдарын жолдап, қажетті кеңестер алды. Екпін ауылында ұйымдастырылған жиында тұрғындар өз ұсыныстары мен өтініштерін жеткізіп, сала мамандары тарапынан нақты жауаптар берілді. Ал Ақсуат ауылындағы кездесуде құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындармен ашық диалог орнатып, құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жалпы, «Заң керуені» жобасы тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын нығайтуға және жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін маңызды бастама ретінде жалғасуда.



