
Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Жаңаарқа ауданында қаржылық сауаттылықты арттыру және экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында көшпелі кездесу өткізді.
Жаңаарқа ауданы облыс орталығынан 350 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Осыған байланысты тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілерге қаржылық қауіпсіздік мәселелерін тікелей түсіндіру мақсатында арнайы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері қазіргі таңда кең таралған қаржылық қауіптер туралы айтып, азаматтарды заңсыз қаржылық схемалардан сақтандыру жолдарын түсіндірді. Атап айтқанда, лудоманияның қоғамға тигізетін теріс әсері, қаржы пирамидаларының белгілері, «дропперлер» арқылы жасалатын заңсыз операциялар және вейптердің таралу мәселелері талқыланды.
Қатысушыларға күмәнді инвестициялық ұсыныстарды ажырату, жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау және қаржылық шешімдерді жауапкершілікпен қабылдау жөнінде практикалық ұсыныстар берілді. Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, мамандардың кеңестерін тыңдады.
Мұндай іс-шаралар халықтың құқықтық және қаржылық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың экономикалық қылмыстарға қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған.



