
Абай облысы Полиция департаментінде құқық қорғау органдары қызметінің өзекті бағыттарының бірі – криптоактивтердің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және тергеу жұмыстарын жетілдіруге арналған «Криптоактивтердің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық істерді тергеу» тақырыбында өңіраралық семинар-кеңес өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – цифрлық активтер саласындағы қылмыстарды тергеу тәжірибесін жетілдіру, құқық қорғау органдарының бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ заманауи қаржылық технологиялармен байланысты құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімді тетіктерін қалыптастыру болды.
Семинар-кеңеске Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Елдос Закимов төрағалық етті. Жиынға Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары полиция департаменттерінің тергеу және жедел қызмет бағыттары бойынша жетекшілері мен тәжірибелі қызметкерлері, сондай-ақ құқықтық қамтамасыз ету саласының мамандары қатысты.
Кездесу барысында криптоактивтердің заңсыз айналымына қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде туындайтын өзекті мәселелер, дәлелдемелерді жинау мен бекіту ерекшеліктері, цифрлық іздерді анықтау әдістері, виртуалды активтер қозғалысын талдау тәжірибесі және халықаралық тәжірибеде қолданылатын тиімді тәсілдер кеңінен талқыланды.
Қатысушылар криптовалюталарды пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың жаңа түрлеріне тоқталып, оларды анықтау мен әшкерелеу бағытындағы заманауи құралдар мен цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығы, ақпарат алмасу тетіктері және құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Семинар аясында тәжірибелік кейстер талданып, нақты қылмыстық істер бойынша қалыптасқан тергеу тәжірибесі ұсынылды. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, тергеу сапасын жақсартуға және цифрлық кеңістіктегі құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар криптоактивтермен байланысты қылмыстарды тергеу бағытындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту, үздік тәжірибелермен алмасуды жалғастыру және құқық қорғау органдарының осы саладағы әлеуетін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірледі.
Осындай кәсіби алаңдар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заманауи сын-қатерлерге жедел бейімделуіне, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған кешенді жұмыстардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.



