
Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті құқық қорғау органдарымен бірлесіп жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Дропперлік және интернет-алаяқтық» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру семинарын өткізді.
Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында ұйымдастырылып, оған қаладағы колледждер мен өзге де білім беру ұйымдарының 100-ден астам студенті мен белсенді жастары қатысты.
Семинар барысында қатысушыларға қазіргі таңда кең таралған интернет-алаяқтықтың түрлері, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық схемалар, жеке деректерді ұрлау фактілері және заңсыз қаржылық операцияларға азаматтарды тарту тәсілдері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Кездесуде ерекше назар «дропперлік» мәселесіне аударылды. Спикерлер жастарға қылмыстық топтардың азаматтардың банктік карталары мен шоттарын заңсыз ақша аударымдары үшін пайдалану фактілері туралы айтып, мұндай әрекеттердің құқықтық салдары мен жауапкершілігін түсіндірді. Сондай-ақ жеңіл табыс табу туралы күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау қажеттігі атап өтілді.
Іс-шара барысында қатысушыларға интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалану, жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан сақтану жөнінде практикалық кеңестер берілді. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды.
Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жастар арасында профилактикалық жұмыстарды тұрақты негізде жүргізіп келеді. Мұндай кездесулер құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, қаржылық сауаттылықты арттыруға және жастарды заманауи алаяқтық қауіптерінен қорғауға бағытталған.



