
Мақтаарал ауданында тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шомылу маусымында орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Мақтаарал ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі мен Мырзакент кенті әкімдігінің ұйымдастыруымен Мырзакент кентінің орталығынан өтетін Жоба көшесі бойындағы каналға арнайы құтқару құралдары орнатылды. Атап айтқанда, суға құлап кеткен азаматтарды жедел құтқаруға мүмкіндік беретін құтқару арқандары (тростар) мен арнайы сатылар каналдың бірнеше нүктесіне орналастырылды.
Аталған канал тұрғындар көп шоғырланған аумақ арқылы өтеді. Сонымен қатар, Жоба көшесінің бойында балалардың көптеп жүруіне байланысты олардың суға абайсызда құлап кету қаупі жоғары. Осыған байланысты қауіпсіздік талаптарын күшейту және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қажетті инженерлік-құтқару жабдықтарын орнату жұмыстары қолға алынды.
Іс-шара барысында Мақтаарал ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері канал бойларына арнайы «ШОМЫЛУҒА БОЛМАЙДЫ» деген ескерту жазуларын трафарет арқылы белгілеп, тұрғындардың назарын қауіпсіздік талаптарына аударды. Сонымен қатар, аудан тұрғындарына судағы қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылып, балаларды қараусыз қалдырмау, рұқсат етілмеген орындарда суға түспеу және төтенше жағдай туындаған кезде әрекет ету тәртібі жөнінде кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде ауа райының күрт жылынуына байланысты тұрғындардың су айдындарына баруы жиілейді. Алайда, каналдар мен ирригациялық жүйелер шомылуға арналмағандықтан, олардың ағысы қатты әрі терең болуы мүмкін. Сондықтан, мұндай орындарда шомылу адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.
Жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралардың негізгі мақсаты – шомылу маусымы кезеңінде судағы жазатайым оқиғалар мен қайғылы жағдайлардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауын қамтамасыз ету.
Мақтаарал ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және су арналары мен каналдардың маңында аса сақ болуға шақырады.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі



