
Балалық шақ пен қауіпсіздік күзетінде
10 маусымда Қазақстанда ювеналды полиция күні атап өтіледі. Бұл – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында күн сайын қызмет атқаратын мамандардың кәсіби мерекесі.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімшелерінде 175 қызметкер еңбек етеді. Олардың 134-і ер азаматтар, 41-і әйелдер. Бұл қызмет кәсіби біліммен қатар психологтың, педагогтың және тәлімгердің дағдыларын талап етеді.
Жыл басынан бері ювеналды полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Балалардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде және ойын-сауық орындарында жүруіне жол бергені үшін 5076 ата-ана мен 171 ойын-сауық мекемесінің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларды қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 84 кәмелетке толмаған бала Балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Білім беру органдарымен бірлесіп профилактикалық есепте тұрған 228 жасөспірімге бақылау жүргізілуде.
Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 953 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 36-сы ата-ана құқықтарынан айырылды немесе шектелді.
Аталған статистикадағы әрбір санның артында дер кезінде көмек пен қолдау көрсетілген балалардың тағдыры тұрғанын атап өткен жөн.



