
Акваторияны тұрақты түрде тазарту жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, Өскемен су қоймасының тұрмыстық қалдықтармен ластану мәселесі өзекті болып қала береді. Демалушылар су қоймасының жағалауында қалдырған пластик бөтелкелер, пакеттер, қаптамалар және басқа да қалдықтар ағыс арқылы біртіндеп Өскемен СЭС бөгетіне жетеді.
-Жазғы маусымда мамандандырылған мердігер ұйым ай сайын орта есеппен 2–3 рет тазалау жұмыстарын жүргізеді, жалпы маусым ішінде кемінде 10 рет тазалау ұйымдастырылады. Әр тазалаудан кейін су беті мен жағалау аумағынан жүк көлігі толық тиелетін көлемдегі қоқыс шығарылады. Мамандардың бағалауынша, бір маусымда СЭС бөгетінен жақын акваториядан шамамен 100 текше метр қалдық шығарылады, - делінген «Өскемен СЭС» ЖШС ақпаратында.
Станцияда гидротехникалық құрылыстарға қоқыс түспеуі үшін қоқыс жәшіктері орнатылған. Алайда бұл судың ластану мәселесін шешпейді.
Өскемен СЭС қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтарын Ертіс өзені мен су қоймасына ұқыпты қарауға шақырады: демалғаннан кейін қоқыс қалдырмауға, арнайы қоқыс контейнерлерін пайдалануға және жағалау тазалығын сақтауға үндейді.



