
Ауылымызда Рәміздер күніне орай тағылымды әрі мәні зор іс-шара өтті. Бұл мерекелік жиынға ауылдың ардақты ақсақалдары, 1986 жылы мектеп бітірген түлектер, сондай-ақ жан-жақтан келген зейнеткер ұстаздар қатысты.
Аталған түлектер 40 жылдық мерейтойларының құрметіне ауылымызға ерекше сый жасап, мемлекеттік туымыз ілінген көрнекті нысан мен рәміздеріміз бейнеленген тақтай орнатты. Бұл – елге деген құрмет пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі болды.
Іс-шара барысында ауыл әкімі сөз сөйлеп, барша жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен ұлттық құндылықтардың маңыздылығына тоқталды.
Кештің көркін ауылымыздың өнерлі азаматтары келтіріп, әсем әндер шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұл күн ауыл тұрғындарының жадында ерекше мереке ретінде сақталары сөзсіз.



