
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Құрманғазы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің №7 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ерсейіт Бралин салмағы 165 тонна 200 келі болатын вагонды 9 метрге дейін сүйреп, Қазақстан рекордын жаңартты.
Бұл жетістікке спортшы ұзақ жылғы дайындық пен табанды еңбектің арқасында қол жеткізді. Бұған дейін, 2024 жылы ол 94 тонна салмақтағы вагонды сүйреп, рекорд иесі атанған болатын.
Ерсейіт Бралин 1990 жылдың 5 ақпанында дүниеге келген. Отан алдындағы борышын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қатарында өтеген. 2013 жылы Атырау облысы ТЖД Құрманғазы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің №7 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып жұмысқа қабылданып, бүгінде бөлімше командирі лауазымында абыройлы қызмет атқарып келеді.
Бала кезінен қазақ күресі, гір көтеру және басқа да күштік спорт түрлерімен айналысқан ол спорттағы табандылығының арқасында пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды.
Спорттық мансабында бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 2023 жылы пауэрлифтингтен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2024 жылы Қырғыз Республикасында өткен әлем чемпионатында 100 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанып, «Әлем чемпионы» атағын иеленді. 2025 жылы Өзбекстан Республикасында өткен күштік спорт түрлерінен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Сол жылы пауэрлифтингтен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, «Азия чемпионы» атанды. Ал 2026 жылы пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы болды.
Қызмет пен спортты қатар алып жүрген Ерсейіт Бралин әріптестері арасында кәсібилігімен, жауапкершілігімен және қайсарлығымен ерекшеленеді. Бүгінде ол жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортпен шұғылдануға үндеп келеді. Оның жетістіктері өскелең ұрпаққа еңбекқорлықтың, табандылықтың және Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады



