
Ағымдағы жылдың 22 мамыры күні Қаратөбе ауданында «Дін мен мемлекет қатынастары» және «Қазақстан Республикасының дін саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін заңды жауапкершілік» тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Кездесуге Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығы басшысының орынбасары, исламтанушы Бабаханов Абдувахид Абытханұлы арнайы қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аталған шара барысында "Қаратөбе" спорт клубы мен спорт мектебінің қызметкерлері, Қаратөбе колледжінің студенттері мен мекеме қызметкерлері, ауыл жастары және Сулыкөл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесулер өткізілді.
Кездесу барысында дін мен мемлекеттің өзара байланысы, зайырлы мемлекет қағидаттары, діни бірлестіктер қызметінің заң аясында жүзеге асырылуы, сондай-ақ дін саласындағы заңнамаларды сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, заң талаптарын бұзған жағдайда қарастырылатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік түрлері туралы нақты мәліметтер берілді.
Іс-шара барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, жат діни ағымдардың алдын алу, әлеуметтік желілердегі күмәнді діни ақпараттарға сын көзбен қарау мәселелері төңірегінде пікірталас ұйымдастырылды. Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, қоғамдағы тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді нығайту, сондай-ақ жастарды дәстүрлі рухани құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады.



