ШҚО полицейлері кішкентай баласы бар отбасыға көмек қолын созды

    mvd-vko·
    ШҚО полицейлері кішкентай баласы бар отбасыға көмек қолын созды

    ШҚО полицейлері кішкентай баласы бар отбасыға көмек қолын созды

    Шығыс Қазақстан облысында Ұлан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері екі жасар баласы бар отбасының медициналық мекемеге жедел жетуіне көмектесті.

    Оқиға кешкі сағат 21:00 шамасында орын алған. Өскемен – Алматы автожолының Алмасай ауылы маңында патрульдік полиция тобының инспекторлары – полиция аға лейтенанты Заңғар Жанахметов пен полиция сержанты Алтынбек Мязев құжат тексеру үшін Toyota Camry автокөлігін тоқтатқан. Әңгімелесу барысында көліктегі жолаушы әйел күйеуімен бірге кішкентай баласының денсаулығы күрт нашарлауына байланысты Өскемендегі Ана мен бала орталығына шұғыл бара жатқанын жеткізген.

    Белгілі болғандай, Жарма ауданынан келген отбасы облыс орталығындағы жолды жақсы білмеген. Оның үстіне, навигациялық жүйеде медициналық мекеменің мекенжайы қате көрсетілгендіктен, бұл уақыттың жоғалуына әкеп соғуы мүмкін еді.

    Мұндай жағдайда әр минуттың маңызды екенін түсінген полицейлер көлікті медициналық мекемеге дейін ілесіп апару туралы шешім қабылдады. Тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында отбасы Ана мен бала орталығына кедергісіз жетіп, балаға уақтылы медициналық көмек көрсетілді.

    Айта кетерлігі, бұл оқиға туралы ақпарат полицейлердің өздерінен емес, әлеуметтік желі арқылы белгілі болды. Риза болған отбасы әлеуметтік желіде бейнеролик жариялап, тәртіп сақшыларының кәсібилігіне, жанашырлығы мен жауапкершілігіне алғыстарын білдірді.

    Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті еске салады: егер сіз жолда қиын жағдайға тап болып, көмек қажет болса, полиция қызметкерлеріне хабарласыңыз. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға дер кезінде көмек көрсету – ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі.

    ШҚО ПД баспасөз қызметі

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.