
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар БҰҰ-ның Маңғыстау облысындағы жобалары мен бастамаларын, өңірдің басым даму бағыттарын және өзара ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен көлік-логистикалық мүмкіндіктеріне тоқталып, өңірдің стратегиялық маңызын атап өтті.
– Маңғыстау – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған стратегиялық маңызы жоғары өңір. Облыс мұнай-газ өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, агроөнеркәсіптік кешен мен жаңартылатын энергия көздері бағытында қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар Ақтау және Құрық теңіз порттарының әлеуеті Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуда маңызды рөл атқарады. Біз халықаралық ұйымдармен тиімді әріптестікті нығайтуға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Кездесуде БҰҰ агенттіктерінің Маңғыстау облысында жүзеге асырып жатқан жобаларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Каспий теңізінің экожүйесін қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау, теңіз қалдықтары мен пластик ластануын азайту, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, жастардың көшбасшылық қабілетін арттыру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау бағытындағы бағдарламалар сөз болды.
Өз кезегінде Саранго Раднарагча Маңғыстау облысының Каспий өңіріндегі стратегиялық маңызын атап өтіп, экология, жастар саясаты, әлеуметтік даму және тұрақты экономикалық өсім бағыттарындағы бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі



