
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен өзекті мәселелердің орындалу барысы сараланды.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес аудандық экономика және қаржы бөлімінің орынбасары Нұржан Омаров баяндама жасап, салық түсімдерін арттыру, бағаланбаған мүліктерді есепке алу және бюджет кірістерін ұлғайту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, кіріс көздерін арттыру бойынша нақты шараларды күшейтуді тапсырды.
Шұбарсу және Шұбар ауыл округтерінің әкімдері салықтық түсімдерді ұлғайту мен кіріс базасын кеңейту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Аудан әкімі аталған ауыл округтердің әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, олардың даму мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін жан-жақты талдау жүргізу қажеттігін жеткізді.
– Жұмыс көрсеткіш үшін емес, нақты нәтиже үшін атқарылуы тиіс. Әрбір ауылдың даму бағыты айқындалып, экономикалық әлеуеті толық пайдаланылуы қажет, – деді аудан басшысы.
Мәжілісте кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Патима Ташимова инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Осы ретте Азат Оралбаев әрбір ауыл округі бойынша экономикалық даму картасы әзірленуі тиіс екенін айтып, бұл алдағы жоспарларды нақтылауға және даму қарқынын бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар құрылыс бөлімінің басшысы Талғат Омарқұлов заңсыз құрылыс нысандарына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Жиын барысында жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасау, міндетті зейнетақы жарналарының төленуі, мерзімді басылымдарға жазылу, азаматтарды әскери қызметке шақыру және «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалу барысы да қаралды.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі жауапты бөлімдер мен ауыл округтері әкімдеріне берілген тапсырмалардың орындалуына жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Әсіресе әлеуметтік төлемдер, сақтандыру шарттары және бюджет кірістерін арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды міндеттеді.
Жиын соңында көтерілген барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі



