
«Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы № 57 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №96 бірлескен бұйрығына сәйкес Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының конкурстық комиссиясының 2026 жылғы 1 маусымдағы №3 хаттамасы және 2026 жылғы 2 маусымдағы №1-19/3378 келісім хаты негізінде «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Жәнібек ауданы білім беру бөлімінің Т.Жароков атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры лауазымына Есенгалиева Менсулу Телагисовна 2026 жылғы 8 маусымнан бастап тағайындалды.
Есенгалиева Менсулу Телагисовна 1967 жылы 25 наурызда Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1984-1989 жылдары А.С.Пушкин атындағы «Құрмет белгісі» орденді Орал педагогикалық институтының «Физика және математика» мамандығы бойынша бітіріп, физика және математика пәндерінің мұғалімі біліктілігін алып шықты. Еңбек жолын 1989 жылы 16 тамызда «Өнеге» бастауыш мектебінде мұғалім болып бастап, осы жылдың 20 қыркүйегінде Энгельс атындағы орта мектебіне математика пәні мұғалімі болып ауыстырылды. 1991-1998 жылдары Ұзынкөл ауылындағы В.И.Ленин атындағы орта мектебінде математика пәні мұғалімі және оқу ісінің меңгерушісі, 1998-2001 жылдары Жәнібек ауылындағы Т.Жароков атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі және оқу ісінің меңгерушісі, 2001-2002 жылдары аудандық білім бөлімінде әдістемелік кабинетінің әдіскері, 2002 жылдың 2 қыркүйегінен бастап Т.Жароков атындағы ЖОББМ-де мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары және математика пәнінің мұғалімі болып бүгінгі күнге дейін атқарды.
Еңбек өтілі жалпы 40 жыл, оның ішінде педагогикалық өтілі 36 жыл. «Педагог-зерттеуші» және «бірінші санатты басшы орынбасары» біліктілік санаттары бар.
Тұрмыста. Отбасында 1 қыз, 1 ұл тәрбиелеген аяулы ана, асыл әже.



