
Түркістан облыстық мәслихатының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, екінші тоқсанда облыстық мәслихат сессиясында Сарыағаш ауданы әкімінің ауданға республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржы қаражатының игерілуі туралы есебін тыңдау көзделген.
Осыған байланысты аталған мәселені жан-жақты зерделеу, бюджет қаражатының мақсатты және тиімді жұмсалу барысын бағалау мақсатында Сарыағаш ауданында Түркістан облыстық мәслихатының уақытша депутаттық комиссиясының көшпелі отырысы өтті.
Жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов, облыстық мәслихат депутаттары Ж. Сүлейменов, А.Үмбетәлиев, А.Салимов, У.Рахиев, Ж.Қанаев, Д. Егамбердиева, Ж.Құрақбаев, Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Р.Асылбекұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Отырысты Түркістан облыстық мәслихатының бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары Ж.Сүлейменов жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығына тоқталды.
Күн тәртібіне сәйкес Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев баяндама жасап, ауданға республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржы қаражатының игерілу барысы туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Баяндама барысында инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары, тұрғындарды ауыз сумен, табиғи газбен және сапалы жол инфрақұрылымымен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері баяндалды.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу деңгейі, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар да кеңінен қамтылды.
Отырыс барысында депутаттар ұсынылған ақпарат бойынша пікірлерін білдіріп, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ету, құрылыс нысандарының сапасын бақылау, елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында ұсыныстар айтты.
Жиын қорытындысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар жинақталып, алдағы уақытта Түркістан облыстық мәслихатының тиісті тұрақты комиссиясының отырысында жан-жақты қаралатыны атап өтілді. Кейін мәселе облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне шығарылып, оның қорытындысы бойынша ауданның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған тиісті ұсынымдар қабылданатын болады.



