САРЫАҒАШ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР БОЙЫНША ҚОРЫТЫНДЫ ЖИЫН ӨТТІ

    turkestan-saryagash·
    САРЫАҒАШ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР БОЙЫНША ҚОРЫТЫНДЫ ЖИЫН ӨТТІ

    Уақытша депутаттық комиссияның Сарыағаш ауданына іссапары барысында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларға жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша жиын өтті. Жиынды Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов жүргізді.

    Отырысқа облыстық мәслихат депутаттары Ж.Сүлейменов, А.Үмбетәлиев, А.Салимов, У.Рахиев, Ж.Қанаев, Д.Егамбердиева, Ж.Құрақбаев, Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев, Сарыағаш аудандық мәслихат төрағасы Р.Асылбекұлы, аудан әкімі орынбасарлары мен тиісті бөлім басшылары, Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компанияларының өкілдері, сондай-ақ мердігер және жобалаушы ұйымдардың мамандары және аудан тұрғындары қатысты.

    Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы және «Сарыағаш айналма жолы» құрылысынан Сарыағаш қаласы мен Көктерек кентіне транспортты қиылыстарды салу мәселелері жан-жақты талданды.

    Алдымен, Мақтаарал ауданындағы «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы бойынша мәселе қаралып, мәслихат төрағасы аралау кезінде депутаттар көтерген мәселелер халықты толғандыратынын жеткізді.

    Аталғандардың негізінде депутаттар «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясына «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің жобасында көзделген аспалы көпірлердің құрылысын екінші кезеңнен бірінші кезеңге ауыстыру және теміржолдан өтетін мал өткелдері құрылысын халыққа ыңғайлы етіп жүргізу туралы ұсыныстар енгізді.

    Келесі кезекте, күн тәртібіндегі екінші мәселе «Сарыағаш айналма жолы» құрылысы қаралды.

    Жиында депутаттар Сарыағаш қаласы мен Көктерек кентіне шығатын транспорттық қиылыстар-айырма жолдардың болмауы қала тұрғындары мен курорттық аймаққа келушілердің қозғалысына, сондай-ақ көлік қатынасының қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне бірқатар қиындықтар туындатып отырғанын айтты.

    Бұл мәселе бойынша «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиал директорының орынбасары Т.Оразбеков, жобалаушы мекеме «Integra Construction KZ» ЖШС-нің жоба жетекшісі И.Дагхан баяндама жасады.

    Жиын соңында халық қалаулылары бұл мәселе бойынша Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аудан әкімдігіне Көктерек кентіне траспортты қиылыстардың құрылысын жүргізуге қатысты техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеуді, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына «Сарыағаш айналма жолы» құрылысының жобасына Сарыағаш қаласы мен Көктерек кентіне траспортты қиылыстардың құрылысын жүргізуді енгізу туралы ұсыныстар берді.

    Айта кетсек, отырыс қорытындысы бойынша енгізілген ұсыныстар хаттамалық тәртіппен тиісті мекемелерге жолданатын болады.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.