
Ақтөбе облысында коммуналдық қызметтер тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ұлттық экономика министрлігінің инфляцияны тежеу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында облыста табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілерінің тарифтері қайта қаралды.
“Өткен жылдың соңында бірқатар коммуналдық қызметтер бойынша халық үшін тарифтер төмендетілді. Атап айтқанда, сумен жабдықтау мен су бұру қызметтерінің тарифтері 10 пайызға арзандаса, жылумен жабдықтау тарифі жеке тұлғалар үшін 20 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, газбен жабдықтау қызметінің тарифі де 17,7 пайызға қысқартылды. Электр энергиясы тарифін көтеру туралы ұсыныс қаралғанымен, жария тыңдаулар барысында тұрғындар мен сарапшылардың пікірлері ескеріліп, бұрын бекітілген тарифтерді өзгеріссіз сақтау туралы шешім қабылданды”-деп атап өтті ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Дүйсен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Департамент басшысы 2025 жылғы сәуірден бері қолданыстағы электр энергиясы тарифтері жеке және заңды тұлғалар үшін бүгінгі күнге дейін өзгермегенін атап өтті.
Тарифтерге қатысты кез келген өзгеріс жан-жақты экономикалық есептеулер негізінде ғана қабылданады. Жалпы, облыс бойынша реттелетін коммуналдық қызметтердің тарифтік жүктемесін азайту және олардың өсуін тежеу бағытындағы жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде.



