
Алакөл жағалауы туристік маусымға дайын
10 маусым күні Ақши ауылындағы «Алакөл Ресорт» демалыс үйінде Жетісу облысы әкімінің орынбасары М. Көлбаевтың төрағалығымен туризмді дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, Алакөл ауданының әкімі, аудандық мекеме басшылары және жағалаудағы демалыс орындарының жетекшілері қатысты.
Жиында жазғы туристік маусымға дайындық, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жағалау инфрақұрылымын дамыту, санитарлық талаптардың сақталуы және қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Кеңес барысында Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов жағалаудың туристік маусымға дайындығы жөнінде баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Биыл Ақши және Көктұма ауылдарындағы 320 демалыс орны туристерді қабылдауға әзірленуде. Өткен жылы Алакөл жағалауында 1,85 миллионнан астам турист демалса, биыл олардың саны 2 миллионға жетеді деп күтілуде.
Туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында жағалауды бекіту, қоршау бөгетін салу, электрмен жабдықтау желілерін жаңарту және орталықтандырылған ауыз су жүйесін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар кәріз-тазарту қондырғысының құрылысы жалғасып жатыр.
Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағалауда құтқарушылар, полиция және медицина қызметкерлері кезекшілік атқарады. Бақылау мұнаралары мен бейнебақылау камералары орнатылып, судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
Жағалаудың санитарлық жағдайын сақтау мақсатында тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін 24 модульдік дәретхана, 35 биодәретхана, киім ауыстыру орындары, қоқыс контейнерлері мен жәшіктері орнатылған.
Жиынды қорытындылаған Жетісу облысы әкімінің орынбасары М. Көлбаев туристік маусымның жоғары деңгейде өтуі өңір имиджі үшін маңызды екенін атап өтіп, жауапты мекемелер мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету сапасын арттыру және анықталған кемшіліктерді жедел жою бойынша нақты тапсырмалар берді.
Бүгінде Алакөл жағалауын туристік маусымға дайындау жұмыстары тұрақты бақылауда. Негізгі мақсат – туристерге қауіпсіз әрі жайлы демалыс ұйымдастырып, өңірдің туристік әлеуетін одан әрі арттыру.



