
2026 жылдың 4 маусым күні облыстық мәслихатының бюджет және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Салықов Ербол төрағалығымен және облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті XXV сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия барысында 2026 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау мәселесі талқыланды. Облыстық бюджет түсімдерінің жалпы көлемін ұлғайту жөніндегі ұсыныс депутаттардың қарауына ұсынылып, жан-жақты талқылаудан кейін көпшілік дауыспен қолдау тапты. Қабылданған бюджет өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталатын болады.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – «Батыс Қазақстан облысының тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын бекіту туралы» шешімнің қабылдануы болды. Бағдарлама аясында облыстың тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңарту көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз әрі заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ депутаттар ауылдық елді мекендерде еңбек ететін азаматтық қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселесін қарады. Қабылданған шешімге сәйкес архив ісі саласында қызмет атқаратын мамандардың лауазымдық айлықақылары мен тарифтік мөлшерлемелері 25 пайызға ұлғайтылатын болды. Бұл шара мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған.
Мәдениет саласын қолдау мақсатында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы академиялық филармония қызметкерлерінің еңбекақысын 50 пайызға арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл мәдениет қызметкерлерінің еңбегін бағалауға және саланың дамуына қосымша серпін беруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссиялары құрамындағы бос орындарға жаңа кандидаттар бекітілді.
Сессия қорытындысында қабылданған шешімдер өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын тиімді іске асыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.



