
Ақтау қалалық мәслихатында кезектен тыс отыз үшінші отырысы мен тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырысы өткізілді. Жиындарда қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қатысты мәселелер қаралды.
Кезектен тыс сессияның күн тәртібіне үш мәселе шығарылды. Атап айтқанда, «Ақтау қалалық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» қалалық мәслихаттың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №10/59 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралып, тиісті шешім қабылданды. Сонымен қатар, Ақтау қалалық мәслихатының №7 сайлау округі бойынша депутаты Г.А. Абишеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе талқыланып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес шешім қабылданды.
Бұдан кейін өткен тұрақты комиссиялар отырысында бұған дейін қабылданған қаулылардың орындалу барысы тыңдалды.
Депутаттар қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 2025 жылғы 23 мамырдағы №4 қаулысының орындалуы аясында Ақтау қаласындағы мектептердегі денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі мен оны дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ №3 қаулының орындалуы бойынша қала аумағындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу шараларының тиімділігіне талдау жасалды.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің қатарында қаланың инженерлік инфрақұрылымының қазіргі жағдайы мен оны жаңғырту және дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Бұдан бөлек, Ақтау қаласының 35-шағын ауданында орналасқан әлеуметтік жатақхананың мәселелері көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Қаралған барлық мәселелер тұрақты бақылауға алынып, олардың орындалу барысы алдағы уақытта да депутаттық корпус назарында болады.



