
28 мамыр күні Айыртау ауданының әкімі Мейрам Меңдібаев Қамсақты ауылдық округіне қарасты Бірлестік ауылында және Сырымбет ауылдық округіне қарасты Дәуқара ауылында тұрғындармен есептік кездесу өткізді.
Жиынға аудан басшысының орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары, полиция және аурухана өкілдері арнайы қатысып, тұрғындардың сұрақтарына тікелей жауап берді.
Кездесу басында аудан әкімі Айыртау ауданының биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, өңірде қолға алынған ірі жобалар мен маңызды бастамаларды тізіп өтті.
Екі ауылдың халқы өздерін толғандырып жүрген ең өзекті мәселелерін ашық жеткізді. Сұрақтардың негізгі өзегі су жүйесінің іске қосылуы мен сапасы, төрт түлікті өрістететін мал жайылымының жайы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының реттелуі, ауыл ішіндегі өзге де әлеуметтік нысандарды дамыту сынды бағыттарды қамтыды.
Есептік кездесу барысында көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалған жоқ. Аудан басшысы мен салалық бөлім өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жіті жауап беріп, шешу жолдарын талқылады. Көптеген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімдері белгіленді.



