
Ағымдағы жылдың 10 маусымында Есіл ауданында «Даму» қорының, қаржы институттарының және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шараларын түсіндіруге бағытталған мобильді фронт-офистің көшпелі іс-шарасы өтті.
Кездесу барысында аудан кәсіпкерлеріне бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, оның ішінде «Іскер Аймақ» бағдарламасының мүмкіндіктері, мемлекеттік гранттарды беру тетіктері, «Агробизнес» және «Ауыл Аманаты» бағдарламалары аясындағы қолдау шаралары, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру мен дамытудың қолжетімді құралдары туралы толық ақпарат ұсынылды.
Мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері кәсіпкерлердің өзекті сұрақтарына жауап беріп, жеке консультациялар өткізіп, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысу шарттарын түсіндірді.
Мобильді фронт-офистің көшпелі іс-шараларын өткізудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерінің қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ облыс аудандарының тұрғындары үшін консультациялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Мобильді фронт-офистің жұмысы жалғасын табады. Осындай көшпелі кездесулерді мамандардың қатысуымен Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарында өткізу жоспарлануда.



