Абай облысының делегациясы «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңіраралық конференциясына қатысып жатыр

    Абай облысының делегациясы «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңіраралық конференциясына қатысып жатыр
    Бүгін Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің Алтай қаласында «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңіраралық ынтымақтастық конференциясы басталды. Жүзден астам адамнан құралған өңір делегациясы Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзянның төрағалығымен өтіп жатқан конференцияға қатысуда. Маңызды іс-шараға еліміздің Шығыс Қазақстан облысының, сондай-ақ, Қытайдың, Ресейдің, Моңғолияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның және Түркіменстанның өкілдері де шақырылған.

    Жиынды ашқан Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі Қазақстанның шекаралық аймақтарындағы облыстармен қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді.

    Конференцияда облыс әкімі Берік Уәлидің атынан облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков сөз сөйлеп, баяндама жасады. Абай облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, Қытаймен және Ресеймен шекаралас аймақ ретінде облыстың халықаралық бағыттарға ашық, көлік-логистикалық әлеуеті жоғары екенін айтты.

    Былтырғы келісімдердің аясында қытайлық серіктестердің қатысуымен жалпы құны 1,1 млрд АҚШ долларынан асатын алты ірі инвестициялық жобаны іске асыру басталды. Олардың қатарында «SUTO Kazakhstan» компаниясының чиптер мен электрондық құрылғылар өндіретін индустриялық паркі, «XinYi Ltd» компаниясының сауда-логистикалық кешені, «Universal SM» компаниясының ағаш өңдеу кешені, сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздері мен агроөнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобалар бар.

    2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Абай облысы мен Қытайдың шекаралық аймақтары арасындағы тауар айналымы 760,1 миллион АҚШ долларына жетті. Оның ішінде экспорт көлемі 686,6 миллион АҚШ долларын, импорт көлемі 84,9 миллион АҚШ долларын құрады.

    Абай облысы мен Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі арасында 250 шақырымнан астам шекара бар. Екі елдің шекарасында «Бақты» кеден бекеті жұмыс істейді.
    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.