
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай 2026 жылдың 5 маусымында Келес ауданында ауқымды экологиялық сенбіліктің алғашқы күні өтті.
Тазалық пен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараға аудан тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары мен еріктілер белсенді қатысып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосты.
Сенбілік жұмыстарына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға және тазалық мәдениетін қалыптастыруға шақырды.
– Тазалық – әрбір азаматтың туған жеріне деген жанашырлығының көрінісі. Қоршаған ортаны қорғау тек бір күндік науқан емес, ол күнделікті өмір салтымызға айналуы тиіс. Бүгінгі сенбілікке белсенді қатысып жатқан барлық тұрғындарға алғысымды білдіремін. Таза ауыл, таза көше – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз, – деді аудан басшысы.
Сенбілік аясында ауданның ішкі көшелері бойындағы арық-атыздар тазартылып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар инфрақұрылым нысандары ретке келтіріліп, жол жиектеріндегі бордюрлер әктеліп, сырлау жұмыстары атқарылды. Қоғамдық орындар мен көшелердің тазалығы қамтамасыз етіліп, елді мекендердің келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстар жүзеге асырылды.
Айта кетейік, екі күнге жоспарланған экологиялық акция ертең де жалғасады. Сенбіліктің екінші күнінде аудан аумағындағы тазалық және көріктендіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп, тұрғындардың қатысуымен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралар жалғасын табады.



