
Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің жанындағы шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің ағымдағы жылдың ІI тоқсанына арналған жоспарлы отырысы өтті. Аудан басшылығы, құқық қорғау органдары мен Шекара қызметінің өкілдері және ауылдық округ әкімдері қатысқан маңызды жиында мемлекеттік шекараның тұтастығын қорғау, заңсыз кәсіпкерлікті болдырмау, сондай-ақ жазғы маусымдағы өрт және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты бірнеше өзекті мәселе ортаға салынды.
Жиынның алғашқы мәселесі бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы А.Болатов баяндама жасап, шекара маңындағы елді мекендердің тығыз орналасу ерекшелігін ескере отырып, заң бұзушылықтардың алдын алуға жергілікті тұрғындар мен билік органдарын белсенді тарту қажеттігін жеткізді. Осы мақсатта шекаралық белдеудегі ауылдар мен маңызды жол бағыттарына бейнебақылау камераларын орнату және тұрғындар арасында күдікті тұлғалар анықталған жағдайда тиісті шекара бөлімшелеріне уақытылы хабар беру бойынша түсіндіру жиындарын өткізу міндеттелді.
Жазғы шомылу және өрт қауіпті маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысын Келес ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ж.Лесбаев баяндады. Судағы қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін Ошақты каналының бойын қоршау, ресми коммуналдық жағажайлар ашу және әр ауыл округінің орталығына каркасты-модульдік бассейндер орнату мәселесі алға тартылды.
Жиынды қорытындылай келе, аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев қаралған барлық мәселелердің тікелей халықтың қауіпсіздігі мен мемлекеттің тыныштығына қатысты екенін баса айтып, ауыл округтерінің әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына өзара іс-қимылды күшейтуді және қабылданған шешімдердің сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қатаң тапсырды.



