
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығындағы Жеңіс саябағында Абай ауылының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу дәстүрлі есеп беру форматында емес, тұрғындардың сауалдарына жауап беру және өзекті мәселелерді талқылау бағытында өтті. Ашық диалог барысында ауыл тұрғындары инфрақұрылым, тұрғын үй, жер қатынастары, электр қуаты, көше жөндеу және абаттандыру мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Кездесуде аудан әкімі Абай ауылында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Қазіргі таңда ауылдың бірқатар көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Жамбыл, Б.Қырғызалиев, Абылай Хан, Б.Оспанов, Т.Рысқұлов көшелері мен Ә.Молдағұлова және Құрылыс көшелерін ретке келтіру жұмыстары қолға алынған.
Сонымен қатар ауылды көркейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Ә.Жылқышиев гүлзарының жалғасын салу жобасы аясында аяқжолдар төселіп, жарықтандыру жүйелері орнатылып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында Абай ауылына 105 бейнебақылау камерасы орнатылып, Жедел басқару орталығы іске қосылған.
Тұрғын үй саласында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жеке инвесторлар есебінен салынған 104 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 8 пәтерлі 22 тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асырылуда. Бүгінде олардың басым бөлігінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынып, заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.



