Конституциялық Сот: сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін міндетті жұмыстан шығару қызметкердің мәртебесі ескеріле отырып қолданылады

    Конституциялық Сот: сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін міндетті жұмыстан шығару қызметкердің мәртебесі ескеріле отырып қолданылады

    Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

    Конституциялық Сот азаматтың өтініш бойынша Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағы 2) тармақшасының Конституцияның 24-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексерді. Нормаға сәйкес квазимемлекеттік сектор жұмыскері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуға тиіс.

    Өтініштің мән-жайы

    Азамат сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін (пара беруде) кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалуына байланысты оны жұмыс беруші жұмыстан шығарған. Өтініш субъектісі электровоз машинисі болып жұмыс істеп, қазіргі уақытта мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастыру мүмкіндігінен айырылып отырғандықтан, дау айтылып отырған норма өзінің еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын бұзады деп ойлайды.

    Конституциялық Соттың ұстанымы

    Конституциялық Сот бұл норманы қолданыстағы басқа да заң нормаларымен өзара байланыста қолдану қажет деп көрсетті. Мәселен, Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдардың квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеу белгіленген.

    Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлық қылмыс субъектілеріне: (1) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар; (2) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар жатқызылған.

    Осы адамдардың құқықтарын шектеудің айқындаушы өлшемшарты – олардың қызметінің функционалдық сипаты.

    Демек, дау айтылып отырған норманы квазимемлекеттік сектор жұмыскерлерінің функционалдық мәртебесін ескермей, олардың барлығына қолдану еңбек ету құқығын шектеу аясын шамадан тыс кеңейтуге алып келеді.

    Конституциялық Соттың қорытындылары

    Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасын Қылмыстық кодекстің және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның нормаларымен өзара байланыста мынадай түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды:

    квазимемлекеттік сектор субъектісінің жұмыскері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын міндетті түрде бұзу мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға қатысты ғана қолданылады.

    Үкіметке Конституциялық Соттың қабылданған қорытынды шешімін ескере отырып, заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау ұсынылды.

    КС нормативтік қаулысының толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/1023866?lang=kk

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.