ЕСКІ ПОЛИГОН ЖАБЫЛЫП, ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНДЕРІ БОЙ КӨТЕРДІ: ҚОШҚАРАТА МЕН ОШАҚТЫНЫҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ

    turkestan-keles·
    ЕСКІ ПОЛИГОН ЖАБЫЛЫП, ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНДЕРІ БОЙ КӨТЕРДІ: ҚОШҚАРАТА МЕН ОШАҚТЫНЫҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ
    Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ошақты және Қошқарата ауылдық округтерінің тұрғындарымен еркін форматтағы көшпелі кездесулер өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес ұйымдастырылған бұл шаралар ашық аспан астында өтті. Жиын барысында дәстүрлі ұзақ баяндамалар оқылған жоқ. Аудан басшысы кездесуді тікелей сұрақ-жауап және еркін диалог нысанында жүргізуді ұсынып, тұрғындардың мұң-мұқтажы мен ұсыныс-пікірлеріне басымдық берді.
    Ошақты ауылдық округінде соңғы есепті кезеңде әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық бағыттарда біршама нәтижелі жұмыстар атқарылған. Округке қарасты 13 елді мекен толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылып, Ошақты, Саңырау және С. Саттаров ауылдарында қосымша су тазалағыш қондырғылар іске қосылды. Газдандыру саласы бойынша 7 елді мекен көгілдір отынға қосылған, ал қалған 6 ауылға магистральды газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Саңырау және Қоңыртөбе елді мекендеріндегі тозығы жеткен электр желілері мен бағаналарын ауыстырудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, тиісті басқармаға жолданды. Көлік инфрақұрылымын дамыту аясында Қоңыртөбе, Береке көшелеріне асфальт төселіп, Қаратал ауылының жолдарына ағымдағы жөндеумен шағал тас төселді. Округ аумағында Атақоныс ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) пайдалануға берілсе, Жиделі және Еңбек ауылдарында ФАП салуға құжаттар дайындалды. Сарыжылға ауылында кіші футбол алаңшасы ел игілігіне беріліп, Ошақты ауылында зәулім спорт кешенінің құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ, егістік жерлерді ағын сумен қамту мақсатында 8-Ұлан, Жиделі каналдары мен бірнеше ішкі арықтар механикалық тазалаудан өткізілді.
    Қошқарата ауылдық округінде де бұған дейін халық тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің орындалу барысы сараланды. Бесқұбыр ауылындағы ескі амбулатория ғимараты толық бұзылып, заманауи жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, сондай-ақ ауылдағы қатты қалдықтар полигоны жабылып, тазалық жұмыстары жүйеленді. Инфрақұрылым бойынша Ұшқын елді мекені мен Қошқарата ауылының Ферма учаскесі, сондай-ақ бірнеше жаңадан қосылған көшелер толық газдандырылды. Жаңақоныс және Бесқұбыр ауылдарында ФАП құрылысы аяқталып, Аманжар ауылындағы медициналық нысанды іске қосу жоспарлануда. Алғабас, Қарабура, Жамбыл және Жаңақоныс ауылдарының ішкі көшелеріне жалпы ұзындығы 16 шақырымнан астам асфальт жабындысы төселді. Су шаруашылығы бағытында Жаңа Қият, Бердан-2, Араншы-2 және Бесабдал каналдарының ондаған шақырымдық арналары механикалық тазалаудан өткізіліп, ағын су өткізгіштігі арттырылды. Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен Аманжар мен Бәйтерек ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы жүріп жатса, Қошқарата және Қарабура ауылдарында жаңа спорт алаңшалары қолданысқа берілді.
    Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев алдағы уақытта шешімін табуы тиіс перспективалық жоспарларға да тоқталды. Оның ішінде Ұшқын ауылының ішкі жолдарына шағал тас төсеу жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін аяқталатыны, №24 Ұшқын мектебінің 200 орындық жаңа ғимаратын салу және Жамбыл ауылындағы Ұстаздар мен Қарлығаш көшелеріне асфальт төсеу бойынша тиісті басқармаларға ұсыныстар енгізілгені айтылды. Сонымен қатар, Бесқұбыр ауылы аумағындағы А-15 республикалық тас жолында орналасқан электронды тараз маңындағы жол жабындысының сапасыздығы мен бұзылуына қатысты мәселе де бақылауға алынды. Жиын соңында аудан басшысы тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға шақырып, Мемлекет басшысының бастамасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысудың маңыздылығын атап өтті. Еркін форматта ұйымдастырылған бұл ашық диалог жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және туындаған мәселелерді жедел шешуге бағытталған тиімді қадам болды.
    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.