Конституциялық Сот қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында байланысты уақытша шектеудің Конституцияға сәйкестігін растады

    Конституциялық Сот қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында байланысты уақытша шектеудің Конституцияға сәйкестігін растады

    Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

    Конституциялық Сот азаматтың өтініші бойынша «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабы 1-2-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексерді.

    Өтініштің мән-жайы

    Азамат бұл норманың қолданылуына сот тәртібімен дау айтқан, алайда соттар оның талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан. Өтініш субъектісі дау айтылып отырған норма өзінің сөз бен шығармашылық еркіндігіне, заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізуге және сот арқылы қорғалуға конституциялық құқықтарын шектейді деп есептейді.

    Конституциялық Соттың ұстанымы

    Азамат дау айтып отырған Заң нормасына сәйкес кейінге қалдыруға болмайтын және ауыр, аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстардың жасалуына әкеп соғуы мүмкін жағдайларда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, оның орынбасарлары немесе аумақтық органдарының бастықтары не оларды алмастыратын адамдар кейіннен байланыс, масс-медиа салаларындағы уәкілетті органдарды және Бас прокуратураны жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып, жедел-іздестіру қызметінің барлық субъектілерінің мүддесінде байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін, интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді тоқтата тұруға құқылы. Осы шараларды қабылдау тәртібі Бас прокуратурамен келісу бойынша жедел-іздестіру қызметі субъектілері мен байланыс, масс-медиа салаларындағы уәкілетті органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

    Конституциялық Соттың қорытындылары

    Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабының 1-2-тармағында Конституцияға қайшылық жоқ деп санайды. Конституциялық бақылау органы заңда көзделген шектеулер ақпаратты еркін алу құқығын өз бетінше шектеуге емес, конституциялық құрылысты қорғауға, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталады деп атап көрсетті. Аталған шара уақытша сипатқа ие және адамды Конституциямен кепілдік берілген ақпаратты еркін алу және тарату құқығынан айырмай, жедел түрде құқыққа қайшы іс-әрекеттердің алдын алу немесе олардың жолын кесу үшін қолданылады.

    Сонымен бірге Конституциялық Сот дау айтылып отырған норма баға беруші ұғымдарды нақтылауды, онда көрсетілген шараларды қолданудың ақылға қонымды уақыт шегін, шектеу өлшемшарттарын жария және жеке мүдделер теңгерімін бұзбай белгілеуді талап ететінін атап өтеді. Осыған байланысты Үкіметке заңнаманы жетілдіру туралы мәселені қарау ұсынылды.

    КС нормативтік қаулысының толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/1023865?lang=kk

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.