Абай облысында жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алудың жаңа тәсілдері талқыланды

    abay-ishki-sayasat·
    Абай облысында жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алудың жаңа тәсілдері талқыланды


    Абай облысы Полиция департаментінде 2025–2030 жылдарға арналған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасын іске асыру аясында нашақорлықтың алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған «Есірткісіз болашақ» атты іс-шара өтті.

    Кездесуді ашқан Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Дүйсенбай Байбусынов маусым айы елімізде нашақорлықтың алдын алу айлығы болып жарияланғанын атап өтті. Оның айтуынша, 1 маусымнан бастап республика аумағында «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, құқық қорғау органдары есірткі қылмыстарына қарсы күрес жұмыстарын күшейткен.

    Ол нашақорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін және бұл мәселе Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында тұрғанын айтты.

    – Нашақорлық – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер. Егер оның таралуына жол берілсе, болашағымызға қауіп төнеді. Сондықтан есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстарды анықтап, жолын кесумен қатар, азаматтарды, әсіресе жастарды осы қауіптен қорғауға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстарды жүргізу аса маңызды, – деді Дүйсенбай Байбусынов.

    Айлықтың өту барысы мен өңірдегі қазіргі ахуал туралы Абай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тілек Қамза баяндады. Оның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері облыста есірткіге қатысты 100-ден астам құқық бұзушылық тіркелген. Олардың қатарында есірткі өткізу, аса ірі көлемде сақтау, контрабанда, есірткі құралдарын насихаттау және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактілері бар.

    Заңсыз айналымнан 211 келіден астам түрлі есірткі құралдары мен психотроптық заттар тәркіленген. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар жасағаны үшін 22 адам ұсталған.

    – Жастардың есірткі тұтынуға және таратуға тартылуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Оқушылар мен студенттер мұндай құқық бұзушылықтардың салдарын нақты түсінуі қажет. Біз профилактиканың заманауи тәсілдерін кеңінен қолданып, жастарды есірткіге қарсы контент жасауға, флешмобтар мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға тартуымыз керек. Жас буынға түсінікті әрі жақын форматтар ғана тиімді нәтиже береді, – деді Тілек Қамза.

    Іс-шараға ҚР ІІМ жанындағы Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Жандос Ақтаев қатысты. Ол Абай облысындағы өңірлік кеңестің жұмысын жоғары бағалап, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығына тоқталды.

    – Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жүйелі көзқарасты талап етеді. Полицияның негізгі міндеті – азаматтарды қорғау және қылмыстың жолын кесу болса, профилактикалық жұмыс қоғамның, спортшылардың, мәдениет қайраткерлерінің, блогерлер мен пікір көшбасшыларының белсенді қатысуымен жүргізілуі тиіс. Жастарға есірткінің зияны туралы ақпаратты беделді тұлғалар арқылы жеткізу әлдеқайда тиімді, – деді Жандос Ақтаев.

    Оның айтуынша, Қазақстанда есірткімен алғаш танысудың орташа жасы шамамен 17 жасты құрайды. Бұл мектептер мен колледждердегі профилактикалық жұмыстарды күшейтуді талап етеді.

    – Біз интернет кеңістігінде белсенді жұмыс істеп, есірткіге қатысты контенттің таралуын бақылауға алып, заманауи білім беру бағдарламаларын кеңінен қолдануымыз қажет. Алдын алу шаралары неғұрлым ерте басталса, жастарды есірткі ортасына тартудан қорғау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады, – деді ол.

    Кездесу барысында спорттың нашақорлықтың алдын алудағы рөлі де талқыланды. Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі Ербол Түскенов жастардың белгілі спортшылар мен қоғам қайраткерлерінің пікіріне көбірек құлақ асатынын атап өтті.

    – Есірткінің зияны туралы чемпион немесе танымал спортшы айтқан кезде жастар оны мүлде басқаша қабылдайды. Сондықтан спортшыларды профилактикалық жұмыстарға белсенді тартып, жастарға үлгі болатын оң мысалдарды көбірек көрсету маңызды, – деді Ербол Түскенов.

    Сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Біз есірткіге қарсымыз!» ұранымен өткізілген көше акциялары, спорттық іс-шаралар мен ақпараттық науқандар туралы баяндады.

    Кездесу қорытындысында қатысушылар Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылатын бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

    Дереккөз

    Ұқсас материалдар

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.